УРАННЫҢ ДЕФОРМАЦИЯЛАНҒАН ИЗОТОПТАРЫНЫҢ ЯДРОЛЫҚ МОДЕЛЬДЕУІНДЕГІ ӘСЕРЛЕСУШІ БОЗОНДАР ҮЛГІСІ
Қаралымдар: 229 / PDF жүктеулері: 85
DOI:
https://doi.org/10.32523/2616-6836-2025-151-2-60-76Кілт сөздер:
атом ядросы, спектрлер, гамма ауысуАңдатпа
Ядролық физика саласындағы өзекті әрі күрделі мәселелердің бірі – нуклондар арасындағы әсерлесу процестерін тұтас және толық қамтитын әмбебап теорияның әлі де қалыптаса қоймағандығында. Бұл өзара әрекеттесу құбылыстары айрықша күрделілікпен ерекшеленеді және оларды сипаттау үшін ядролық жүйелердің ішкі құрылымдық параметрлерін, соның ішінде потенциалдық өрістер мен нуклондардың орташаланған қозғалыс заңдылықтарын ескеру қажет. Ядролардың төмен энергия деңгейлеріндегі күй-кешендері, әдетте, белгілі бір модельдік тұжырымдамалар аясында қарастырылады. Мұндай модельдерде нуклондар орташа потенциалдық өрісте қозғалады деп есептеледі, әрі олардың арасындағы өзара әрекет тек қана екі бөлшек арасындағы күштермен шектеледі. Осыған ұқсас аналогияны электрондардың атом ішіндегі қозғалысынан көруге болады, дегенмен, ядролық күштер табиғаты жағынан мүлде өзгеше, яғни күшті және қысқа арақашықтықта әсер ететін сипатқа ие.
Ядро құрылымын зерттеудегі ерекше маңызды аспектілердің бірі – ұжымдық қозғалыстар, яғни нуклондардың бірлесе отырып орындайтын үйлесімді тербеліс немесе айналу процестері. Бұл қозғалыстар ядроның ішкі құрылымын сипаттайтын негізгі спектрлік параметрлерге тікелей ықпал етеді. Теориялық тұрғыдан алғанда, бұл құбылыстарды алғаш болып терең зерттеген О. Бор мен Б. Моттельсон болды. Олар ядроның геометриялық пішінін сипаттайтын модельдер шеңберінде ұжымдық қозғалыстардың физикалық табиғатын түсіндіріп, деформациялық сипаттамалармен байланыстырды. Атап айтқанда, төмен энергия деңгейлерінде байқалатын бұл қозулардың квадрупольдік деформация параметрімен өзара тығыз байланыста екендігі дәлелденді.
Осы ғылыми жұмыс аясында біз бозондық модельдерге негізделген және SU(5) симметриясын пайдаланатын теориялық тәсілді қолданамыз. Мақсатымыз — сфероидтық пішінді Рутений элементінің үш түрлі изотопының құрылымын сандық түрде сипаттау. Бұл ретте ядроның энергетикалық деңгейлері мен электромагниттік сәулелену ықтималдығын анықтайтын B(E2) өтпелі ықтималдық параметрі есептеліп, алынған нәтижелерді қолда бар эксперименттік деректермен салыстырамыз. Зерттеу нәтижелері ядролық модельдердің дәлдігін бағалауға және ядролық құрылымдарды сипаттаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.





