Жоғары энтропиялы оксидті керамикалар: құрылымы, синтез әдістері және қолданылу салалары
Қаралымдар: 0 / PDF жүктеулері: 0
Кілт сөздер:
жоғары энтропиялы оксидті керамикалар, конфигурациялық энтропия, синтез әдістері, кристалдық құрылым, функционалдық қасиеттер, жылутөзімді қорғаныш жабындары.Аңдатпа
Жоғары энтропиялы материалдар бес немесе одан да көп компоненттерді араластыру арқылы алынатын көпэлементті материалдардың жаңа класы болып табылады. Айқын жоғары энтропиялық әсерлердің арқасында бұл материалдар бірегей физика-химиялық қасиеттерге ие. Соңғы жылдары жоғары энтропиялы материалдарға деген қызығушылықтың тұрақты өсуі байқалады, бұл жоғары энтропиялы қорытпаларға, керамикаларға және оксидтерге арналған ғылыми жарияланымдар санының артуымен дәлелденеді.
Бұл шолу мақаласында жоғары энтропиялы оксидті керамикалар туралы заманауи түсініктер жүйеленген, кристалдық құрылымдардың негізгі типтері — тас тұзы, флюорит, перовскит, пирохлор, шпинель және т.б. — қарастырылған, сондай-ақ жоғары энтропиялы оксидті керамикаларды синтездеу принциптері мен оларды қолдану тәсілдері талданған. Жоғары конфигурациялық энтропияның бірфазалы күйлерді тұрақтандырудағы рөлі, химиялық күрделіліктің кристалдық тордың бұрмалануына, диффузиялық процестерге және «коктейль эффекті» деп аталатын құбылыстың қалыптасуына әсері көрсетілген.
Жұмыста жоғары энтропиялы оксидті керамикаларды синтездеудің негізгі әдістері — қатты фазалы, сұйық фазалы және газ фазалы әдістер — және олардың материалдардың фазалық құрамына, микрокұрылымына және қасиеттеріне әсері сипатталған. Шолу жоғары энтропиялы оксидтердің (ЖЭО) механикалық, термодинамикалық, каталитикалық және электрэнергетикалық сипаттамаларына арналған заманауи зерттеулерді, сондай-ақ олардың конструкциялық материалдар мен жабындардағы қолданылуын қамтиды. Жоғары энтропиялы оксидті керамикалардың перспективалы қолданылу салалары ретінде жылутөзімді қорғаныш жабындары, каталитикалық жүйелер, электр- және ионөткізгіш материалдар, сондай-ақ экстремалды жағдайларда пайдалану мүмкіндіктері қарастырылған.
Жүргізілген талдау жоғары энтропиялы оксидтердің құрылымы, синтез әдістері мен қасиеттері арасындағы өзара байланыстарды анықтауға мүмкіндік береді, бұл берілген сипаттамалары бар жаңа материалдарды әзірлеуге негіз қалайды.




